Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу басқармасы адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу сот-психиатриялық сараптамаға байланысты тоқтатылған болатын. Қазір өндіріс қайта басталды.Қажетті сараптамалар тағайындалды.Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады»,- деп хабарлады ведомстводан.
Бұған дейін прокуратура сот психологиялық-психиатриялық сараптамасының қорытындысы негізінде ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 511-бабы 2-бөлігі 2-тармағына сәйкес, күдікті психиатриялық көмек көрсететін арнайы медициналық орталыққа жатқызылғанын мәлімдеген еді.
Осыған байланысты соталды тергеп-тексеру мерзімі ҚР ҚІЖК-нің 45-бабы, 7-бөлігі, 4-тармағы негізінде тоқтатылды.
Еске салайық, осы жылдың наурыз айында «джип» көлігін мінген жүргізуші «Меркур Таун» элиталық тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет басып қана қоймай, оны ұрып-соққан. Салдарынан ер адам ауруханада көз жұмды.