Тұрғын үй тапшылығы: Таразда пәтер кезегі құрылыс қарқынынан озып тұр

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM — Биыл Таразда біраз азаматтың баспаналы болғанына қарамастан, тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 6 744 адамға артты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазіргі уақытта Тараз қаласында тұрғын үй алу үшін кезекке 30 468 адам тіркелген. Ал өткен жылы кезекте 23 724 адам болған. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр өсім бар болғаны 864 адамды құраған (2023 жылы кезекте 22 860 адам тұрған).

Қала басшылығы да бұл жағдайдың өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі екенін жасырмайды. Осыған байланысты қалада тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Биыл қала аумағында бюджет қаражаты есебінен 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Көпқабатты үйлермен қатар жеке секторда да тұрғын үйлер салынып жатыр. Атап айтсақ, «Шапағат» шағынауданында 16 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 12-сі пайдалануға берілген. Қалған төртеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр екен. Ал «Ұлы дала» шағынауданында 22 үй салынып жатыр, олардың 10-ы пайдалануға қабылданыпты. «Балауса» шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы әлі аяқталмаған.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар өткен жылы әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 9,9 млрд теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Ал биыл осы мақсатқа 3,8 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 228 пәтер сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 32 пәтерді сатып алу жоспарланып отыр екен.

Алайда тұрғын үй саласында осыншама жұмыс атқарылып жатса да, бұл баспана тапшылығын азайтар емес. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанымен, тұрғын үй кезегіне тұрушылар саны жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілу қарқынынан әлі де асып түсіп отыр.

Айта кетсек, Тараз тұрғынының үй алу кезегі сот арқылы қалпына келтірілгенін жазғанбыз.

Сонымен қатар Тараз тұрғындары жаңа көпір салынатын аумақтағы үйлері мен кәсіпорындарын бұзуға рұқсат бермей отыр.