Тұрғын үйдегі ескірген лифтіні қандай жағдайда жаңартып алуға болады

Фото: Айзада Агильбаева/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде техникалық сараптама тозығы жеткен деп таныған 3500 тұрғын үй лифтісі әлі қолданылып келеді. Ал бұндай лифтілерді ауыстырудың өз шарттары бар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Қаби Қарахан айтты. 

— Қазіргі кезде ел бойынша жалпы тұрғын үйлерде орналасқан 34 мыңнан астам лифті бар. Оның 5 мыңға жуығы 25 жылдан артық уақыт қолданылған, оның ішінде 3500-ін техникалық сараптама тозығы жеткен деп таныған. Бірақ олар әлі күнге дейін қолданылып келеді, — деді ол «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Спикер лифтіні ауыстыру қымбат қызмет екенін, көп жағдайда оған тұрғындардың қаржылық жағдайы жетпейтінін атап өтті. Сондықтан бұндай жұмыс үшін 2017 жылдан бері мемлекеттен жеңілдетілген несие беріп келеді екен.

— Лифті ауыстырылған жағдайда, кейін әрбір тұрғын осы қаржыны қайтару үшін өз пәтерінің шаршы метріне байланысты төлем жасайды. Бұл мәселе қаржыға қатысты, яғни оны қайтару керек болғасын тұрғындардың 51 пайызы бұл жұмысты қолдап дауыс беруі керек. Осынша дауыс жиналмаса, тіптен әкімдік тарапынан тиісті қаржы бөлініп тұрса да, лифт ауыстырылмайды, — деді Қаби Қарахан.

Одан бөлек, басқарма басшысы ұлттық стандартқа сай лифтілер жылына бір рет міндетті түрде тексеруден өтетінін атап өтті.

—Үйдің шаруашылығын басқарушы компания сервистік компаниямен шарт жасасуы керек. Ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда жасалынады, ал одан бөлек жылына бір рет күрделі техникалық бақылау жүргізілуі керек, — деді ол.

Еске сала кетейік, жуырда ғана елордада ішінде бала болған лифт үзіліп кеткені жазған едік.