Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта елордада тұрғын үйлерден өрт шыққан кезде көліктердің жолды бөгеуі салдарына туындайтын проблема бар.
— Мұндай проблемалар бұрын да болды, қазір де кездеседі. Әсіресе түнгі уақытта жиі тіркеледі. Бұл мәселені шешу үшін өрт сөндіру бөлімдерінде эвакуаторлар мен көлікті астынан көтеріп, алып шығуға арналған арнайы құрылғылар бар. Дегенмен, қазіргі уақытта заң жобаларына бірқатар ұсыныс енгізілді. Қазір олардың қабылдануын күтіп отырмыз. «Азаматтық қорғау туралы» заңға да тиісті өзгерістер ұсынылды. Бұл бағытта әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, жылыту маусымы басталғаннан бері өрт сөндірушілер аулаларды аралап, әр үйге кіріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді. Көлік иелеріне де түнгі уақытта өрт қауіпсіздігін сақтау қажеттігін ескертеді.
— Өйткені аулаға өрт сөндіру қызметінің ғана емес, жедел жәрдем көлігінің де кедергісіз кіруі маңызды. Осыған байланысты заң жобаларына жолдарды бөгемеу және әр аулада өрт сөндіру көліктеріне арналған арнайы орын белгілеу туралы ұсыныстар енгізілді. Бұған дейін мұндай талап болмаған. Қазір осы нормаларды заңнамаға енгізуді ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта олар заңнамалық деңгейде бекітіледі, — деді Мұрат Мұханов.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында жылу беру маусымының барысы мен жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Алқалы жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылуға қатысты тұрғындардан шағым көп түскен өңірлерді атады.