Тұрғын үйлердің шатырын қар мен мұздан тазалау кімнің міндеті

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсететін басқару ұйымдары шатырларды, маңдайшаларды және ортақ мүлікке жататын өзге де құрылымдарды қар мен мұздан уақытылы тазалауға міндетті. 

Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы заң бойынша тұрғын үйді күтіп ұстауға басқарушы ұйымдар жауап беретінін еске салды. МИБ, ПИК және басқарушы компаниялар үйлер мен олардың айналасының тазалығы мен техникалық жағдайын күтіп ұстауға тиіс.

Міндетті жұмыстар тізбесіне аулаларды күтіп ұстау, қар мен мұзды тазалау, шатырлар мен маңдайшаларды және ортақ мүліктің басқа да құрылымдарын мұз құрсауынан арылту кіреді. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жазатайым жағдайдың алдын алуға бағытталған.

— Бұл жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызға ие. Тазалау барысында қауіпті аумақтар ескерту лентасымен қоршалып, тұрғындар алдын ала хабардар етілуге тиіс. Сондай-ақ барлық жұмыс қауіпсіздік техникасы талаптарына сай жүргізілуі қажет, — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, ортақ мүлікті тиісінше күтіп ұстамау, оның ішінде қар мен мұзды уақытылы тазаламау үшін жауапкершілік басқару ұйымының төрағасына немесе қызмет көрсетуші ұйымға жүктеледі. Зиян келтірілген немесе даулы жағдай туындаған шақта тұрғындар өз құқығын заңнамада белгіленген тәртіппен, оның ішінде сот органдарына жүгіну арқылы қорғауға құқылы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ПИК пен МИБ-тің ай сайынғы есепті ұсыну мерзімдері өзгертілгенін хабарлағанбыз.