14:44, 16 Сәуір 2009
Тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерге жылу жүйелері толығымен тартылады ? И.Тасмағамбетов
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тұрғын үй бағдарламасы бойынша Тілендиев даңғылының сол жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге жылыту жүйелері жуық күндері тартыла бастайды.
Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен кеңесте Астана басшысы Иманғали Тасмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қала әкімі бұл мақсаттарға қаржылар қарастырылып қойғандығын және келесі аптада осы мәселеге қатысты мәслихат сессиясы өткізілетінін айтты. «Республикалық бюджеттен трансферттер алынғаннан кейін, көп ұзамай Тілендиев даңғылы бойында бой көтеріп жатқан үйлерге жылыту жүйелері тартыла бастайды», - деді ол. Үстіміздегі жылы сондай-ақ Бигелдинов көшесінен бастап Күмісбеков көшесімен Жеңіс даңғылына дейін, Жеңіс даңғылынан Күмісбеков көшесі арқылы Жангелдин көшесіне дейін, Жангелдин көшесінен бастап Күмісбеков көшесі арқылы Сейфуллин көшесіне дейін және Күмісбеков көшесінен бастап Сейфуллин ? Бейсекова көшелеріне дейін жылу магистральдарының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Мұңайтпасов көшесінен Мирзоян көшесін басып Вавилов көшесіне дейін жылу трассасын салу жоспарда бар. Астана су қоймасынан бастап жалпы ұзындығы 25 шақырымдық сутаратқыш тармағының құрылысын, жапондық заем негізінде «Астана қаласын сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелері» жобасын жүзеге асыру аясында Астана су қоймасы қоршауының бірінші кезеңінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда қаланы абаттандыру және санитарлық тазартуға қатысты кешенді іс-шаралардың жоспары әзірленді. Оның шеңберінде 41 лифтіні ауыстыру, 136 лифтіні жөндеуден өткізу, 128 жертөлені жөндеп-қалпына келтіру көзделіп отыр.