«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы әлі күнге дейін өз деңгейінде жұмыс істемей тұр - А.Өтегенов

Фото: None
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы әлі күнге дейін өз деңгейінде жұмыс істемей тұр.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Орталық аппаратында 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын ауқымды жетілдірудің салалық бағдарламасының жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғос Өтегенов мәлім етті.

А.Өтегеновтың айтуынша, былтыр «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ бүгінгі күнге дейін онда көрсетілген бірқатар мәселелер өз деңгейінде орындалмай отыр. Ол мәселелер 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын ауқымды жетілдірудің салалық бағдарламасында егжей-тегжейлі көрсетілгенімен, министрліктер тарапынан бірқатар түйіткілдер шешілмесе, олар да шешусіз қалады.

Оның пікірінше, ең алдымен, Заңмен құру көзделген тұрғын үй инспекциясын қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Заң бойынша тұрғын үй инспекциясы тұрғын үй қорына ревизия жасау, кондоминимум нысандарын жөндеудің сметаларын тексерумен айналысуы тиіс. Ал қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен олар әлі күнге дейін құрылмай отыр.

Мәжілісмен осы және бірқатар басқа да жағдайлар бойынша Үкіметке, әкімдер мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттікке тиісті тапсырмалар берілу қажеттігін қадап айтты.