Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту үшін заңнамаға өзгерістер енгізілмек

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделуде.

Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: проблемалар, шешімдер және перспективалар» атты III халықаралық конференцияда ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.

«Бағдарламаны іске асыруға кедергі келтіретін кейбір тосқауылдарды жою мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде халықтың және жергілікті билік органдарының пікірлерін ескере отырып, осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде», - деп атап өтті С.Нокин.

Ең бірінші кезекте аталмыш өзгерістер қаржыландыру жүйесін жеңілдету, жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, энергоүнемдеу бойынша талаптарды күшейту, ПИК рөлінің артуы және тұрғын үй инспекциясының құзыретін кеңейту мәселелерін қамтитын болады.

«Қазақстанның тұрғын үй қоры энергетика және өнеркәсіп секторынан кейін электр және жылу энергиясын ең көп тұтынатын сала болып табылады. Тұрғын үйлер елде өндірілетін электр энергиясының 13,5 пайызын, жылудың 24 пайызын тұтынады. Сондықтан бағдарламада тұрғын үйлердің энегроүнемділігіне үлкен мән берілуде», - деп түйді сөзін вице-министр.