Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2016-2017 жылдары 21 мың пәтер пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2016-2017 жылдары 21 мың пәтер пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.

«Бұған дейін тұрғын үй құрылысына әкімшіліктер тарапынан жобалар қарастырылып келген еді. Болашақта бұл жобаларда банктер мен салымшылардың талаптары ескерілетін болады»,- деді ол.

А.Жұмағұловтың атап өтуінше, банк арқылы салынатын үйлердің шаршы метрінің құны мемлекеттік комиссиямен бекітілген. Яғни, тұрғын үй «Бәйтерек Девелопмент» компаниясы арқылы қаржыландырылатын болса, онда оның аймақтардағы шаршы метрінің құны 180 мың теңге, ал Алматы мен Астанада 200 мың теңгеден аспайтын болады. Ал жергілікті атқарушы органдар арқылы қаржыландырылатын болса, аймақтарда 140 мың теңгеден, Астана мен Алматыда 200 мың теңгеден аспауы тиіс. Жалпы бұл пәтерлердің ауданы 30 бен 70 шаршы метр төңірегінде болады.

«Қолжетімді баспана-2020» аясында банк тарапынан жас отбасыларға және халықтың барлық санатына арналған 7 мыңдай пәтер қаржыландырылатын болады. Осы екі бағытты қосқанда 2016-2017 жылдары 21 мың пәтер пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп»,- деді банк басшысы.