Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 23 млрд теңге сыйлықақы беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 23 млрд теңге сыйлықақы беріледі. Бұл туралы Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сондай-ақ, ағымдағы жылы тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдарға сыйлықақы төлеу бойынша міндеттемелер 5,1 млрд  теңгеге ұлғайды. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру азаматтардың Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне қаражат жинауын жандандыруға ықпал етті», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, бір жылда банктің салымшылар саны 122 мың адамға көбейген.

«Осы мақсаттарға 5,1 млрд теңге көзделіп отыр. Жалпы 2018 жылы сыйлықақыларды төлеуге арналған шығыстар 23 млрд теңгені құрайды», - деді ол.

Қаржы министрінің сөзіне қарағанда, «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында  салынып жатқан тұрғын үй нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізуге қосымша 31,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Осы қаражат есебінен 8 жалғасатын және 173 жаңа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы іске асырылады. Нәтижесінде қосымша 790 шақырымнан астам сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, телефон өткізу, электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау желілері салынады.