Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 120 мыңнан астам салымшысы өтемақы алуға ешқандай ниет білдірмеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 120 мыңнан астам салымшысы өтемақы алуға ешқандай ниет білдірмеген, деп хабарлады ТҚЖБ агенттік тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтемақы төлеу үшін қосымша келісімдерге қол қоюды 2016 жылдың 1 маусымында аяқтады. Қосымша келісімдерге қол қою қорытындысы бойынша, 452 277 салымның 322 884-іне өтемақы төленетін болады. Өйткені, 120 мыңнан астам салымның иелері өтемақы алуға ешқандай ниет білдірмеген. Соның ішіндегі 2 268 салымның жинақ сомасы 1 млн. теңгеден асады. Нәтижесінде 54,5 млрд. теңге көлеміндегі өтемақы төлеуге бөлінген қаржының 94%-ы  игерілді. 3,5 млрд. теңге сұраусыз қалып отыр», - делінген хабарламада. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі маусымның 25-інен бастап өтемақы төлей бастады. Аталмыш процесс тамыздың 1-іне дейін жүргізіледі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі биылғы жылдың 8 ақпанынан бастап қосымша келісімдерге қол қою рәсімдерін бастаған еді. Бастапқыда «бұл үдеріс 1 маусымға дейін созылады және 114 күнтізбелік күн ішінде өтеді» деп мәлімделген болатын. Алайда, түрлі себеппен қосымша келісімге қол қоюға үлгермей қалған салымшылардың көптігіне байланысты, 31 мамыр күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Директорлар кеңесі межелі мерзімді тағы бір айға ұзартқан еді. Осылайша, рәсімге 144 күнтізбелік күн бөлінді. 

Еске сала кететін жайт, ұлттық валюта бағамы түзетілген соң былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке Тұрғын үй құрылыс жинақ салымшыларының жинағын сақтап қалудың арнайы тетіктерін әзірлеуге тапсырма берген болатын. Осыған орай, былтырғы жылдың соңында Қаржы министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, Инвестициялар және даму министрлігімен, сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, «Бәйтерек» Басқарушы холдингі өтемақы төлеудің механизмін әзірлеген еді. Нәтижесінде, салымның 35,5% көлемінде өтемақы белгіленді.