«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» депозиттік базасы 163 млрд. теңгеден, ал келісімшарттар 883 млрд. теңгеден асты

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның депозиттік базасы 163, 2 млрд. теңгені құрады, тұрғын үй жинақтары туралы халықтың келісімшарттары 883 млрд. теңгеден асты, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

«2013 жылдың 1 шілдесіне жағдай бойынша банкте 883,3 млрд. теңге сомаға тұрғын үй жинақтау туралы 425 523 келісімшарт жасалған. Банктің депозиттік базасы 163,2 млрд. теңгені құрады. Халықтың салымдар үлесі бойынша екінші деңгейдегі банктер қатарында банк барлық ЕДБ ішінде 8 орынды иеленді», - делінген таратылған мәліметте.

Рrimeminister.kz сайтының жазуынша, халықтың теңгедегі ұзақ мерзімді салымдар үлесі бойынша банк үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанынан бастап 1-орында.

Өз кезегінде, несие қоржыны 125,4 млрд. теңгені құрады. Жұмыс жасау мерзімінен бастап банк 173,6 млрд. теңге сомаға 52 338 қарыз берген.

Бүгінгі таңда банк активтері 323,4 млрд. теңгені құрады. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша банктің табысы 2,7 млрд. теңгеге жетті.