Тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер талқыланды - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Өңірлік даму министрлігінің басшылығымен кездесті. Онда тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы заңнамаларды іске асыру мәселелері талқыланып, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен танысты.

Жиын барысында комитет төрағасы Талғатбек Абайділдин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жол­дауында қолжетімді тұрғын үй бағдар­ламасының жүзеге асыры­луы­на ерекше назар аударылғанын айтып өтті.

«Тұрғын үймен қамту Президент алға қойып отырған әлеуметтік салада халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы басым бағыттардың бірі», -деді сенатор.

Сонымен қатар, кездесу барысында талқыланған заң жобасы шеңберінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдарға және «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры қызметінің перспективалары туралы да әңгіме өрбіді.