«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» АҚ ресми түрде таныстырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Бәйтерек» холдингі өз еншілес ұйымы - «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру» АҚ негізінде құрылған «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» акционерлік қоғамын ресми түрде таныстырды.

Мемлекет басшысы 2016 жылғы 7 сәуірде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға қол қойды. Бүгін, 13 қазанда, Заң күшіне енді және үлестік тұрғын үй құрылысын ұйымдастырудың 3 тәсілін көздейді: Кепілдік беру қорының кепілдігін алу; екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;  құрылыс салушының жеке қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту, деп хабарлайды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі.

Үлестік салымдарға кепілдік беру жүйесін құру үшін ҚР Үкіметінің қаулысымен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы - «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру» АҚ Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры болып айқындалды. 

Қор өтінімдерді қабылдауды бастайды және құрылыс салушы қабылдаған міндеттерін орындамаған жағдайда, жарғылық міндеттерге сәйкес тұрғын үй ғимаратының аяқталуы бойынша  үлескерлерге кепілдік береді.

«Біздің басты мақсатымыз - қысқа мерзімде танымал болу, мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, өз кәсіби біліктілігімізді арттыру. Біз алдымызға өр мақсатты, ауқымдылығы жағынан аса үлкен міндет қойдық - бұл үлескерлердің ақшасын тарту есебінен салынып жатқан тұрғын үйдің 50 %-нан астамын Қордың кепілдігімен қамтамасыз ету», - деді «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Оңаев.  

Жаңа тетік бойынша кепілдік беру жағдайлары мыналар болып табылады: тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру мерзімдерін бұзу; қаражатты мақсатсыз пайдалану; соттың шешімі бойынша құрылыс салушының дәрменсіздігі.

«Бастапқы кезеңде құрылыс салушының өтінімін қарау кезінде Холдингтің еншілес ұйымы, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» жаңа Заң талаптарының сәйкестігіне құрылыс салушыны тексеретін болады. Барлық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда, Қор құрылыс салушымен және Уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Қор тәуелсіз инжинирингтік компания арқылы үлескерлердің ақшасын мақсатты пайдалануын бақылайды, инжинирингтік компания, өз кезегінде, тұрғызылып жатқан үйлердің сапасын бақылайтын болады», - деп атап өтті Дәурен Оңаев. 

Қордың кепілдігі үлескерлер салымдарының сақталуын және үлескер үшін ең басты бәсекелестік басымдық - белгіленген мерзім ішінде құрылыстың кепілдікті аяқталуын қамтамасыз етеді.  Құрылыс салушы үшін - инвесторлар тарапынан сенімнің жоғарылауы есебінен сату көлемдерінің ұлғаюын, үлескерлердің ақшасына тікелей қолжетімділік есебінен қаржыландыру құнының төмендеуін қамтамасыз етеді. Инжинирингтік компанияның құрылыс барысын бақылауын көздейтін тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тұрғызылатын үйлердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.