Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заңнамасын елемей жүрген компаниялар бар - әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов үлескерлер қаражатына салынған тұрғын үй құрылысының жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде, 2018 жылдан қазірге дейінгі кезеңде жалпы сомасы 79 млн теңгеден астам сомаға 136 құрылыс ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ прокуратура органдарымен бірлесіп құрылыс салушылардың әрекетін заңсыз деп тану және қызметін үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес келтіру бойынша сот органдарына талап-арыздарды беру тетіктері әзірленді», - деді Д. Досқұлов Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, тиісті өзгерістер енгізу мақсатында әкімдік уәкілетті мемлекеттік органдарға үлестік қатысу туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ бірқатар қосымша бақылау шараларын қамтуға қатысты ұсыныстар жолдады.

«Тұрғын үй құрылысына үлескерлерден ақша тартуды реттейтін нормалар қазіргі жағдайға сәйкес келмейді және тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатыр», - деді басқарма басшысы.

Осы орайда ол құрылыс нысандарын салып жатқан компаниялар аталған заң талаптарын бұзу әрекеттеріне әлі де барып жатқанын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлер қашан тапсырылатыны нықтыланды.

2019 жылдан қазірге дейінгі кезеңде 120 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 14 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Қалған 30 үй 2023 жылы және 2024 жылдың басында аяқталады деп жоспарланған.