Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды реттейтін жоба мақұлданды ? Мәжіліс

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Енді заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, Парламенттің екінші сессиясын ашу барысында Мемлекет басшысы үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы маңызды мәселені шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін атап көрсеткен еді. Ал Үкімет әзірлеген заң жобасының негізгі мақсаты - тұрғын үй құрылысына өз қаражатын құйған үлескерлердің құқықтарын қорғауды жан-жақты арттыру. Құжатта құрылыс нысанын салушының төлем қабілетінің талапқа сай болуын қатаң бақылау шаралары қамтылып отыр. Сонымен қатар заң талаптары бойынша құрылыс жүргізушінің құрылыс саласындағы жұмыстардан тәжірибесі ескеріледі. Үлескерлердің құқықтарын қорғау бағытында да бірқатар ережелер нақтылана түседі. Сонымен бірге үлестік құрылысқа қатысушылардың құрамына байланысты өзгерістер де қамтылып отыр. Мәселен, қолданыстағы заңда құрылысқа тек екі жақ, яғни құрылыс салушы мен үлескер ғана қатысатыны қарастырылған болатын. Ал заң жобасында қатысушылардың саны төртеуге дейін жетеді. Атап айтқанда, олардың құрамына құрылысты салушы, жобалаушы компания, үлескер және банк агенті тартылатын болады. Бұл орайда банк агенті инвестор ретінде де қатыса алады. Банк агенті төртжақты келісім бойынша, үлескерлердің қаржыларын депозитке қабылдап, оларды жобалау компаниясына тек құрылыс нысаны аяқталғаннан кейін ғана аударады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.