Заң жобасы үлескерлердің құқы мен мүддесін қорғауға бағытталады. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қатынастарын реттеу бойынша құқықтық алаң құру қамтамасыз етілмек. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тетіктері жетілдіріледі. Бұл ретте Кепілдендірілген тұрғын үй құрылысы қорынан кепіл алу, жобаға екінші деңгейлі банктерді қатыстыру, тұрғын үй құрылысының қаңқасы тұрғызылғаннан соң барып үлескерлер қаражатын пайдалануға рұқсат беру нормалары көзделіп отыр. Сонымен қоса, құжат бойынша заңнамада қарастырылмаған басқа да жолдармен тұрғын үй құрылысы үшін үлескерлердің қаражатын тартуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үй құрылысының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің, уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның құзыреті нығаяды. Үлескерлердің құқы мен міндеттері, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөніндегі тараптардың жауапкершілігі мен міндеттерінің орындалуы регламенттеледі.
Талқылау барысында сенаторлар құрылыс салушы өкілетті компаниялар тарапынан негізсіз демпингке жол беру мүмкіндігін болдырмау үшін шаршы метрдің ең төменгі бағасын қарастыруды ұсынды. Бұнымен қоса, депутаттар үлескерлердің құқығын қорғауды күшейту мақсатында өкілетті компанияның міндеттемелері бойынша субсидияланатын жауапкершілікті енгізу мәселесін көтерді.
Тұтастай алғанда, заң жобасы үлескерлердің, құрылыс салушылар мен өкілетті компанияның заңды мүдделерін жүзеге асырып, олардың құқығын тиімді қорғауға бағытталады. Құжат палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.