Тұрғын үй құрылысында күрделі әрі ірі құрылыс нысандарын салумен тек 300 компания ғана айналыспақ
Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.
«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын іске асырған кезде құрылыстың сапасын бақылау да ерекше маңызды. Бұрын құрылыс нарығында 40 мың лицензиат болған, олардың әрқайсысы күрделігі әртүрлі барлық объектілерде жұмыс істей беретін. Осы жылы жаңа талаптарға сәйкес лицензия беру қайта қаралды. Нәтижесінде бүгінгі күні ірі, күрделі және бірегей нысандарды салуға және жобалауға 300-ге жуық компанияға рұқсат берілді», - дейді Серік Нокин. Оның айтуынша, мектептер және ауруханалар сияқты күрделілігі орташа деңгейдегі нысандарды салуға 2300 ұйымға рұқсат берілген. Қалған ұйымдар күрделі емес нысандарда жұмыс жүргізе алады.
Сонымен бірге, жеке тұлғаларды аттестаттау енгізілді, онда әрбір сарапшының жеке жауапкершілігі көзделген. Бұл біліксіз және кәсіби емес адамдарды құрылыс нарығынан шығарып тастауға мүмкіндік береді.