Тұрғын үй нарығында баға аз ғана төмендеді - Статистика

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы маусымда өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 0,2 пайызға, абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату - 0,1 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,5 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен хабарланды.

Атап айтқанда, 2015 жылдың маусымында еліміздің тұрғын үй нарығындағы баға бойынша, жаңа тұрғын үйлерді сатудың шаршы метрі орташа алғанда 222 мың 406 теңгені құрады. Бұл мамыр айына қарағанда 0,2 пайызға төмен. Ал абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сатудың орташа бағасы шаршы метріне 173 мың 013 теңге болып отыр. Бұл ағымдағы жылдың мамыр айына қарағанда 0,1 пайызға төмен. Бұдан бөлек, абаттандырылған тұрғын үйлерді жалға берудің орташа құны шаршы метріне 1 мың 269 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен мамыр айымен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғары.