деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтырғы жылы тұрғын үй саласындағы жүйелі қайта құруларды жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері жөніндегі заңға қол қойған болатын. Бұл заңның негізгі қамтыған мәселелері тұрғын үй қорын жаңғыртумен оны ұстап тұруды қаржылық қолдау, кондоминимум нысандарының жалпыға ортақ мүліктерін жөндеуден өткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ баспанамен қамтамасыз ету мәселесінде көмек көрсету, аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау жасау болатын. Өкінішке қарай, біз бүгін аталған заңның бірқатар әлеуметтік маңызды нормаларының толық ауқымда жүзеге аспай отырғанын мойындауға тиіспіз. Атап айтқанда, заңнамада қамтылған тұрғын үймен қамтамасыз етудегі көмек, жергілікті тұрғын үй инспекцияларын құру секілді нормалар толық жүзеге аспай отыр», деді жиынды ашып сөз сөйлеген депутат Ерлан Нығматулин.
Оның айтуынша, тұрғын үй саласындағы проблемаларды толық еңсеру үшін ең алдымен қамтылған заң нормаларын аяғына дейін жүзеге асыру қажет.
Жиын барысында Құрылыс істері жөніндегі және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасап, саладағы атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Сондай-ақ дөңгелек үстелде тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық қамтуларды жетілдіре түсуге қатысты пікір алмасылды.