Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы барысында отандық материалдарды қолдануға басты назар аударылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режимдегі кезекті отырысында Елбасы тапсырмаларына сәйкес халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге арналған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, республикадағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының барысы, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін қолданылып жатқан шаралар жайы талқыланды.

Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде 113,2 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, бұл 1,0 миллионнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тұрғын үй құрылысының барысы туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты оң нәтиже беріп отырғандығын атап өтті.

Мәселен, барлық көздерден пайдалануға берілген тұрғын үй ауданы 2016 жылдың қаңтар-тамыз аралығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артқан. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлердің ауданы 26,7%-ға, жеке тұрғын үй 4%-ға өсті. Бұл тұрғыда оң динамика сақталып, пайдалануға берілетін тұрғын үй үшін мемлекеттік қаражаттан 507 мың шаршы метр салынды. Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 750 млрд. теңгеге шамамен 9 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұл ең алдымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған шаралармен, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы қабылдаған іс-шараларымен байланысты. 2020 жылға қарай «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 4,5 млн. шаршы метр бас¬пананы пайдалануға беру қаралған. Осы мақсатта 145 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде жалға беру және несие салу баспанасына 2015 жылы - 122,5 млрд. теңге, ал 2016 жылы «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыру - 22,5 млрд. теңге. Бұдан өзге, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысына қосымша 360 млрд. теңге бөлінді, деді Қ.Бишімбаев.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қаражаттың нәтижесінде өткен жылы және 2016 жылдың қазіргі күніне дейін 22,6 мың отбасыға баспана берілді, ал жыл соңына дейін қосымша 6,8 мың отбасыға баспана қарастырылады. 2017 жылы тағы 33 мың пәтер салынады.
Биыл жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға Ұлттық қордан 202,5 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 113 млрд. теңге «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысына; 67 млрд. теңге әкімдіктер арқылы кредиттік тұрғын үйді қаржыландыру үшін ЖАО-ның бағалы қағаздарын сатып алуға; 22,5 млрд. теңге «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бағытталған.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, 2016 жылы 112,1 млрд. теңгені игеру жоспарлануда. Қазіргі кезде бөлінген қаражаттың 74,5 млрд. теңгесі немесе жоспардың 66,5%-ы игерілді. Жыл соңына дейін құрылыс салушыларына орындалған жұмыстар актілері бойынша 37,6 млрд. теңге аударылатын болады.

Қазіргі кезде республикада салынып жатқан денсаулық сақтау кешендері жөнінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, өңірлердегі мектептер құрылысының мониторингі туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Бұл тұста да нысандар құрылыстарының кешігуі, қаржының өз уақытында жұмсалмауы мәселелері қозғалды.

Баяндамашыларды тыңдай келе, Үкімет басшысы нысандарды салу барысындағы қазақстандық қамту мәселесіне назар аударды. Құрылыс кезінде отандық материалдарды пайдалану маңызды. Бүгінде тек 58 пайыз деңгейінде отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Бізге қазақстандық материалдардың үлесін 80 пайызға дейін жеткізсек, бұл өз кезегінде еліміздегі компанияларға елеулі қолдау болады, деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар Премьер-министр жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысында биылғы жоспар тиісті деңгейде орындалуын тапсырды.

Елімізде 25 жылдың ішінде бір миллионға жуық отбасы баспаналы болды. 1,4 мың мектеп іске қосылды, 1,3 мың денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді.

Сол себептен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дейін қалған аз уақыттың ішінде жоспардағы нысандардың барлығын белгіленген мерзімде тапсырып, тұрғындарға жұмыстардың аяқталғандығы туралы есебімізді беруіміз қажет. Осы ретте жоспарлы жұмыстарды соңына дейін жеткізуге бізде мүмкіндіктер жеткілікті, деді Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде.
Премьер-министр Мемлекет басшысының «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын құру жөніндегі тапсырмасын тиімді және сапалы атқарудың маңыздылығын атап өтті.