Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуға арналды. Баспана мәселесі әркімді елең еткізетіні шындық. Олай болса бұл жолғы Үкімет отырысы не шешті? Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Тұрғын үй жинақ жүйесі жаңа жағдайда дамытылмақ» деген тақырыппен берілген мақаладан оқыңыздар.
«70 жыл бойы саханадан түспеген туынды». Осы тақырыппен жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала қазақ халқының маңдайына біткен терең ойлы философ, жазба әдебиеттің негізін қалаған тамаша ақын, Шығыс пен Батыс мәдениетінің арасында қазақтың төл әдеби бағыт-бағдарын музыка арқылы айшықтаған қымбат тұлға - Абайымыздың өмірі мен шығармашылығына, жүрек тынысы мен арман-қиялының самғау белестерін айқындайтын ерекше туынды "Абай" операсы туралы сөз қозғапты. «Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасына Абай Құнанбайұлының 100 жылдығын тойлау салтанаты қарсаңында қойылғаннан бері неше онжылдықтар өтсе де "Абай" операсы аталмыш театр репертуарының көркі болып келеді. М.Әуезовтың драма театр сахнасына арналған трагедиясының сахнадағы екінші ұзақ ғұмыры опера жанрының негізі - музыкалық драматургия арқылы қайта түледі»,-дейді басылым.
***
«Қаржы жағынан қатты қысылса да, ел Үкіметі шетелден кеңесшілер шақыруға көп қаржы шығындағалы отыр. Біздің білгеніміздей, ақылын ақшаға сататын жатжұрттық данагөйлерге мәсімовтер жарты миллиард теңгені аямады»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Үкімет оларды тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық саласын түбегейлі реформалап тастау үшін алдыртпақ секілді. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Түңлігін жаңадан түрген ТҮКШ» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Кез келген салық, ол мейлі 1 пайыз болсын, шағын кәсіпорынның табысын ортайтады. Оның үстіне қосымша сыбайлас жемқорлық салығы қосылады. Бұл әрине, жасырын салық, бірақ оны жұрттың бәрі біледі. 20 пайыздық салық пен жасырын салық қосылған кезде ол екі есеге өсіп шыға келеді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің зар жылап жүруінің басты себебі сонда жатыр»,-дейді экономика ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев «Айқын» гезетіне берген сұхбатында. Экономистің бүгінгі қаржы саласы туралы ойларымен ортақтасқыңыз келсе, газеттің «Ақ сөйле» айдарындағы сұхбатқа назар аударыңыз.
«Нұр Отанның» баянды бастамасы». Осы тақырыппен жарық көрген «Айқын» газетіндегі келесі мақала сегізінші наурызда елімізде 1236 нәресте дүниеге келгендігін, сонымен қоса «Нұр Отан» тағы бір бастамасымен жұртты елең еткізгенін жазыпты. «Тағы бір игі бастама бүр жарды. 8 наурыз халқаралық әйелдер мерекесі күні өмірге ұрпақ әкелген аналарға арнайы сый әзірлеген «Нұр Отанның» бастамасы сөз жоқ, қолдауға тұрарлық, қостауға тұрарлық. 8 наурыз күні еліміздегі барша перезентханаларға арнайы бас сұққан «нұротандықтар» аналарды қос қуанышымен құттықтады. «Қос мерекені» бірге қарсы алған жас аналардың да алғысы шексіз»,-дейді басылым.
***
Қазір мейрамхана, кафе немесе ойын-сауық орталықтары сияқты орындарда ымырт үйіріле көліктер әйнектерінен «сергек жүргізуші» (трезвый водитель) қызметі телефондары жазылған бір жапырақ қағазды жиі көруге болады. Алайда сұраныс әзірге тым аз көрінеді. Өйткені көпшілік мұндайға әлі үйрене қойған жоқ. Бұл қандай қызмет? Жұртшылықтың таңғалысымен қоса, күдігін тудырған осы бір қызмет туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Ішсек пе, ішпесек пе?..» деген тақырыппен берілген қызықты мақаланы оқуға асығыңыздар.
Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы қазына қарты Шора Шамғалиұлы Сарыбаев осыдан тура сегіз күн бұрын 85 жасқа толды. Ойы озық қарияның тойы да өзгеше болды...Үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасқан әзілқой қарттың ерекше тойы туралы газеттің 5-інші бетінде жарияланған «Бітімі бөлек абыз қарт» деген тақырыптағы мақаладан оқыңыздар.
Ерлердің екі көзге ерік беруі - өте сирек ұшырасатын жағдай. Алайда қалыптасқан қағида бойынша нағыз ер қандай жағдайда жылап, қандай жағдайда жыламай шыдауы керек? Бұл сұраққа жауап іздегіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің «Білгім келген бір сұрақ» айдарына назар аударыңыз.