Тұрғын үйлерді терможаңғыртудан өткізгеннен кейін жылу шығындары 2 есе төмендейді

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Тұрғын үйлерге толық терможаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізгеннен кейін жылу шығындарын 2 есе қысқартуға қол жеткізуге болады.

Бұл туралы бүгін елордада «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның қызметін таныстырған орталық басшысы Төлеутай Рахымбеков айтты.

Оның атап өтуінше, пәтер иелеріне жөндеу жұмыстарының екі пайдасы бар. Біріншіден, жылуға төлейтін шығындарын айтарлықтай төмендетеді. Екіншіден, пәтердің нарықтық құны шамамен 30-40 пайызға қымбаттайды.

Т.Рахымбековтің сөзіне қарағанда коммуналдық секторда да проблемалар жеткілікті. Бұл ретте «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ аталған проблемаларды шешу үшін коммуналдық секторды жаңғыртуды жүйелі тәсілмен жүргізуді ұсынады. Оған инженерлік желілердің техникалық жай-күйін бағалау және нысандарға технологиялық аудит жүргізу, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, инвестициялық тарифтер, қаржыландыру, жобаларды жүзеге асыру және мониторинг кіреді.