Тұрғын үйлердің 3 пайызына ғана камера орнатылған - Бас прокуратура

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлердің тек 3 пайызы ғана бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Бұл туралы бүгін Заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокуратураның 2-ші Департамент директоры Құсайын Игембаев мәлім етті.

«Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлердің тек үш пайызы ғана бейнебақылау камералармен қамтылған екен. Бірақ, бұндай камералар әрбір кіреберісте орнатылуы керек. Былтыр олардың көмегімен 1 жарым мың қылмыс ашылды. Камералар көп болуы үшін Қазақтелеком өз есебінен камера орнату ұсынысын бастап отыр. Тұрғындар аздаған ақша төлеп, өз пәтерлерін телефон арқылы бақылап отыра алады»,-дейді Құсайын Игембаев.

Оның айтуынша, тұрғын үйлерді бейнекамерамен қамтамасыз ету жүйесін бизнестің арқасында бір ізге түсіруге болады. «Мысалы, Алматы қаласындағы «Айфон» ЖШС «Нұрсат» шағынауданындағы 18 көп қабатты тұрғын үйге бейнебақылау камерасын орнатып, оны  онлайн-режімге қосты. Қазір тұрғындар да, полиция да онлайн-режімде өз үйлерін бақылап отыр. Және де бұл камералардың жұмысы үшін бір пәтер иесі айына небәрі 150 теңге төлейді»,-деді Құсайын Игембаев.

Соңғы жаңалықтар