Тұрғындар қоғам өміріне белсенді атсалысуға тырысады - Архимед Мұхамбетов

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Nur Otan партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов партияішілік іріктеуге қатысушылармен кездесіп, алғыс хат тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде тұрғындар қоғам өміріне белсенді атсалысуға, болып жатқан өзгерістерден тыс қалмауға тырысады. Оны партияішілік сайлау – праймериз де дәлелдеп отыр. «Өзгерістерге, жаңа тұлғалар мен тың идеяларға деген сұраныс арта түсуде. Еліміздің жетекші саяси күші ретінде Nur Otan партиясы ел сұранысына дер кезінде жауап береді. Жария түрдегі партияішілік іріктеу еліміз үшін соны саяси жаңалық ретінде жұрт қызығушылығын тудырғаны сөзсіз. Облысымыздан праймеризге 800 адам қатысты. Ауқымды үгіт-насихат жұмысы, жүздеген кездесулер өткізіліп, 150-ден астам жария пікірталас ұйымдастырылды. Праймериз аймақтың қоғамдық-саяси өміріне қажет партия мүшелерін таңдауға көмектесті. Праймеризге қатысушылардың барлығы, рейтингіне қарамастан, партияның консультативтік кеңес органдарына енгізіледі. Праймеризге белсенді қатысқан үміткерлерге алғыс білдіргім келеді», - деді Архимед Мұхамбетов.

Праймериз өткізу жөніндегі орталық ұйымдастыру комитетінің ақпаратына сәйкес, Қостанай облысы бойынша төрт күнге созылған дауыс беруге 38 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – ақпараттық жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 85,5 %-ы. Сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 29 215 адам онлайн дауыс берді. 9394 партиялық дәстүрлі әдісті пайдаланып, сайлау учаскелеріне келді.

«Осы көрсеткіштердің өзі-ақ елімізде ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған жаңа саяси құрал – праймеризге жұрттың ерекше қызығушылық танытқанын және оның өз деңгейінде өткенін айқын көрсетті. Сайлау қорытындылары бойынша бүкіл мәлімет «Праймериз» ақпараттық жүйесіне толық салынып, https://nurotan.kz және https://primaries.kz сайттарында баршаға қолжетімді. Қалаған адам кіріп, көре алады. Жалпы, праймериз нәтижесінде Елбасы бастамасымен былтыр қолға алынған партияны «қайта жандандыру» бағдарламасы түйінделді. Осылайша, «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша түбегейлі жаңғырып, қатары жаңа тұлғалармен толықты», дейді Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев.


Соңғы жаңалықтар