Тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерге байланысты нақты іс-шаралар жоспары жасалып, ол орындалып келеді
16:28, 27 Қаңтар 2009
ОРАЛ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерге байланысты нақты іс-шаралар жоспары жасалып, ол орындалып келеді.
Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Сырым ауданының әкімі Ерлан Нысанғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің айтуынша, 2007 жылы ? 40, өткен жылы 42 ұсыныс түссе, бұлар негізінен елді мекендерді абаттандыру, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласының қызметі, ауызсу, зейнетақы мен жәрдемақы, жол жөндеуге қатысты болды. Олардың басым көпшілігі орындалып, қаржы қажет ететін мәселелер 2009 жылдың бюджетінде қарастырылып, сондай-ақ 2010-2011 жылдарға жоспарлануда.
Дәрігерлердің тапшылығына орай келген жас мамандарға тұрғын үй беріп, екі жүз мың теңгеден көмек көрсету қолға алынды.
Тағы бір шешілмей келген мәселе ауданды газдандыру еді. «Қарашығанақ-Орал» магистральды газ құбыры құрылысының жүргізілуіне байланысты бұл да орындалғалы тұр. Қазіргі кезде Теректі ауданы Приречный ауылынан Жымпитыға орта қысымды газ құбырын тартуға техникалық-экономикалық негіздеме аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.