Тұрғындарды жарықсыз қалдырған ұры 5 жылға сотталуы мүмкін

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылордада электр желілерін ұрлап жүрген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.

Ақпан айының басында «Арай-2» шағын ауданы мен осы ауданға қарасты бірқатар көшелердің тұрғындары электр желілерінің қиылғанын байқаған. Болған оқиға туралы ішкі істер органнына хабарланған соң ұры көп ұзамай қолға түсті. Құқық қорғау органының өкілдері облыс орталығында тұратын 25 жастағы жігітті күдіктеніп, оны қамауға алды. Ол ұрлық жасағанын растады және қылмыстық әрекеттерін жалғыз жүзеге асырғанын да айтқан.

Күдікті «Арай-2» шағын ауданындағы 100 пәтерлі үйге келіп тұрған электр желісінің - 150, Жаппасбай батыра көшесіндегі алты үйге жарық беріп тұрған желінің 100 метрін қиып алған.

Ол ұрланған желінің біраз бөлігін металл қабылдайтын орынға өткізіп те үлгеріпті. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қылмысы толық дәлелденсе, 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.