Тұрғындардың маңызды ұсыныс-тілектері ескеріледі - Ерболат Мұқаев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым аудандарында сенаторлар жаңадан ашылған түрлі нысандарда болып, актив жиналыстарына қатысты.



Сенат депутаттары Парламентте талқыланып, қабылданған заңдар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес елде атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Мысалы, Қаратөбе ауданында БҚО ерікті мүгедектер қоғамы аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібеков кең жолақты ғаламтор желісін жолға қою, жергілікті жерде жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру үшін жаңадан бекет салу жөніндегі ойын жеткізді.

Ғаламтор мәселесі Сырым ауданы үшін де өзекті болып отыр. Оған қоса 7 мыңдай халық тұратын Жымпиты ауылын таза сумен толық қамту күн тәртібінен түспей келеді. Аудан орталығы 2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесіне қосылғанымен, бұл - жеткіліксіз. Енді Жымпитыға Жосалы ауылдық округіндегі Кеңащы жерасты су қорынан ұзындығы 75 шақырымды құрайтын құбыр тарту көзделуде. Сонда Жымпиты ғана емес, басқа да бірқатар елді мекендерге таза су жетер еді. Жоба құны - 1,7 млрд теңге шамасында.

«Біз мұндай маңызды ұсыныс-тілектерді барынша ескеріп, тиісті органдарға қозғау салатын боламыз. Көптеген мәселелер шешіліп жатқанымен, түйткілді жайттар бар. Мысалы, тұрғындар саны 1,5 мыңнан аспайтын елді мекендерде дәрігерлер жоқ. Бұрын мұғалімдер мен медицина саласының қызметкерлері 25 жыл қызмет етсе, зейнетке шыға алатын. Енді оларға 63 жасқа дейін тер төгуге тура келеді. Шындығында көз майын тауысып, білім беретін ұстаздар немесе ауылдық жерде тынбай еңбек ететін дәрігер, медбикелердің жұмысы оңай емес. Ардагерлер де жеңілдік, өздерінің кім екендігін таныта алатын куәлік сұрайды. Біз осылардың бәріне түсіністікпен қарап, мүмкіндігіне қарай шешілуіне ықпал жасайтын боламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ерболат Мұқаев.



Бүгін депутаттар Тасқала ауданында да болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл жолы сенаторлармен Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен де бірге жүрді.