«ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкі» жанындағы қоғамдық кеңес Астанада көшпелі отырысын өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 маусым күні Астана қаласында «ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкі» жанындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы болып өтеді, деп хабарлады оның төрағасы Сейітқазы Матаев.

«Кезекті көшпелі отырысты Астанада өткізуді шештік. Соңғы уақытта қоғамдық кеңеске Сауран және № 24 көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі тұрғын кешені» нысаны құрылысының кешігуіне қатысты көптеген шағымдар келіп түскен. Бұл нысанда тұрғындардың барлық санаттары үшін 242 пәтер бар. Бұл үй бір жарым жыл бұрын пайдаланылуға берілуі тиіс болған, бірақ адамдар өз пәтерлерін әлі күнге дейін күтіп отыр», - деп хабарлады С.Матаев.

Өз кезегінде Астана әкімі Әділбек Жақсыбековке бұл отырысқа қатысу өтініші жазылған хат жолданған еді. «Барлығымыз құрылыстың кешігуіне не себеп болғанын, сондай-ақ азаматтарымыз өз пәтерлерінің кілттерін қашан алатынын бірге анықтауымыз керек. Сонымен бірге елордада аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша қандай үйлер салынып жатқанын көруімізге болады. Қазіргі кезде құрылысшылар, әкімдік, «ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкі» және банк клиенттерінің тығыз байланыста жұмыс істеуі өте маңызды», - деп атап өтті қоғамдық кеңестің басшысы. Оның айтуынша, қоғамдық кеңестің мүшелері құрылыс алаңына барып, ондағы құрылыстың қандай кезеңде екенін көреді, аталған нысандағы жұмыс сапасын бағалайды, сондай-ақ пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алуға үміткер азаматтармен кездеседі. Қосымша сұрақтарды «ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкі» жанындағы қоғамдық кеңестің os@hcsbk.kz тікелей электрондық мекенжайына жолдауға болады.