«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» тоғыз басшысының жетеуі және олардың туыстары заңсыз сатып алған пәтерлерін қайтарады

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» (ҰБХ) Акционерлік қоғамы мен оның еншілес ұйымы «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша «Әйгерім» ТК-нен банк басшылары және олардың туыстары алған пәтерлерді қайтару процедурасын өткізуде.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Бәйтерек» ҰБХ» баспасөз қызметінде хабарлады.

«Тоғыз басшының жетеуі және олардың туыстары пәтерлерді өз еркімен қайтарады. Біз Алматы қаласы әкімдігімен бірге пәтерлерді нақты қайтарудың заңды тетігін жасадық. Пәтерлер жақын арада баспанаға мұқтаж азаматтарға беріледі деп ойлаймын», - деп атап өтті «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» жаңа тағайындалған төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Еске сала кетейік, 9 пәтер ҚТҚЖБ басшылары және олардың туыстары арасында бөлінген болатын. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйді банк басқармасының төрағасы, оның екі бұрынғы орынбасары, Алматы облыстық филиалының директоры және банктің Алматы қаласындағы филиалының директоры, және олардың туыстары алған.

«Пәтерді өз еркімен қайтарудан бас тартқан екі азаматқа қатысты мәселе сотта шешілетін болады. Оларға соталды талап-арыз жолданған болатын» - деп атап айтты «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшысы А.Жұмағұлов.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша «Әйгерім» ТК-нен пәтер алған банктің қалған қызметкерлеріне қатысты олар басқарушы қызметкерлер болып табылмайтындықтан және ҚР заңнамасын бұзбай тұрғын үйді мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес алғандықтан ешқандай шара қолданылмайды», - деп жалғастырды баспасөз қызметінде.

Ағымдағы жылдың 11 қазанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» жұмысын өткір сынға алып, банктің басқарушы қызметкерлері және оның туыстары алған пәтерлерді қайтару туралы тапсырма берген болатын.