Түрік әйелдері ер-азаматтарға қарағанда төзімді келеді

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - «Жұмыс кезінде психологиялық қысым көрсетті және қорқытып-үркітті» деп арызын айтып келетіндердің арасында әйелдерге қарағанда ер-азаматтардың қарасы көп болып шықты.

Бұл жайында timeturk.com хабар таратты.

Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі осыған байланысты есебін жариялады.

muslim.kz сайтының жазуынша, осы мәселе бойынша министрлікке 6 мың 84 адам хабарласқан екен. Олардың 55 пайызы ерлер болса, 45 пайызы - әйелдер. Сонымен қатар, 67 пайызын жеке секторларда жұмыс істейтіндер құраса, 33 пайызы - мемлекеттік мекемелерде еңбек ететіндер.

Аталмыш министрліктің басшысы Фарук Челиканың айтуынша, «түрік қоғамында қалыптасқан кейбір әдет-ғұрыптар мен жаңсақ ұғымдарға байланысты біздің әйелдер әділетсіздікке тап болса, іштен тынып, жүре бергенді қолай көреді немесе мәселені елге білдіртпей шешкенді жөн табады. Ал ер-азаматтар тиісті орындардан көмек сұрағаннан арланбайды».