Anadolu ақпараттық агенттігі хабарлағандай, ыстамбұлдық полиция басшысы Мұстафа Калискан қала үстінде пайда болған кез келген тікұшақты ескертусіз атып түсіруге бұйрық берді. Билік мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген бүлікшілерде әуе техникасы бар деп қауіптеніп отырған секілді.
Сондай-ақ, билік Ыстамбұлға көршілес аймақтардан 1800 арнайы полиция күштерін алдырған. Оларды стратегиялық маңызы бар көшелер мен нысандарға орналастырды.
Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау бүлікшілердің Босфор өзеніндегі көпірді жабуымен басталды. Бірнеше сағат бойы сонда болып, тек 16 шілде күні таңғы уақытта жауынгерлер Режеп Ердоған жақтастарына беріле бастаған.
Алдын ала тергеу жұмыстары анықтағандай, төңкеріс жасауға тырысқан жетекшілер арасында әскери әуе күштері офицерлері, соның ішінде түрік авиациясының бұрынғы командирі Акын Озтюрк болған. Сол себепті, Анкарадағы билік нысандарын әуеден атқылаған ұшақтар мен тікұшақтарды бүлікшілер еркін иеленген. Биліктегі президентке адал, командирге бағынған сынақшылар кем дегенде екі тікұшақты атып түсірген.
16 шілде күні Түркия билігі бүлікшілерде бірнеше тікұшақ бар екенін мәлімдеді. Бүлікші тікұшақтарының бірі Грекияға қонып, ондағы жауынгерлер жергілікті билікке берілген және саяси бассауға сұраған.