Түрiк инвестициясы еселене түспек - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 сәуір, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

« Егемен Қазақстан » газетiнiң хабарлауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған кеше Астанада өткен Қазақстан-Түркия бизнес-форумына қатысты.

«Форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанға тартылған Түркия инвестициясы артып келе жатқанын атап өтті», - делiнген « Түрiк инвестициясы еселене түспек » атты мақалада.

«Бүгін біз Президент мырзамен түрлі салаларға қатысты келіссөздер жүргіздік. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас, дүниедегі шие­леніскен жағдайлар, эконо­ми­калық болашақ, іскер адамдардың жұмысы, барлық салада біз пікір алыстық және құжаттарға қол қойдық. Сіздердің көп­шіліктеріңіз Қазақстанда бұ­рыннан бері жұ­мыс істеп ке­ле жатырсыздар. Түр­кия біз­дің стратегиялық, сауда-эконо­ми­калық әріптесіміз. Соң­ғы он жылдың ішінде елімізге тартыл­ған Түркия инвестициясы 1,8 млрд. доллардан асты», - деді Қа­зақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, Қа­зақстанда түрік капиталына са­лынған бір жарым мың кәсіпорын жұмыс істейтін болады. Түркия осы көрсеткіш бойынша Ре­сейден кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда бүгінде он бес мыңнан астам түрік азаматы тұ­рақты түрде еңбек етеді. Түрік компаниялары Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері 20 млрд. долларға жуық көлемде құ­рылыс жұмыстарын атқарды.

Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоғанның елімізге арнайы сапары жайында «Айқын» басылымы да мақала арнап отыр.

Астанаға табан тіреген түркі елінің басшысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өте жылы рәуіште қарсы алып, екі мемлекеттің арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысын өткізді, - деп жазады « Қазақ пен түрiк - тамырлас ұлт, бауырлас » атты мақалада.

«Қазақ-түрік саяси диалогының ауқымы ұдайы кеңейіп келеді. Біз саяси ынтымақтастық пен барыс-келіс бағытындағы жұмыстарды жүйелей түсуге кірістік. Мұндағы басты мақсат - халықтардың достығы мен байланыстарын одан ары тереңдету. Сауда-экономикалық, инвестиция мәселелері жан-жақты талқыланып, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы сапар аясында Түркия президентімен бірге келген көптеген бизнес қауымдастығы мен Қазақстанның іскер адамдары 26 нысан бойынша қол қоятын болды», - дейді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанда халық қолындағы теңге, доллар, евро, рубль және басқа да банкноттар көлемі қарқынды түрде қысқартыла бастайтын болады, деп хабарлайды «Айқын».

Оның орнына Үкімет қазақстандықтарды тек ірі сауда орындары мен мәртебелі мейрамханаларда ғана емес, тіпті базарларда да, асхана-дәмханаларда да, шағын дүңгіршектерде де «карточкамен» төлеуге үйретпек. Осы мақсатта келер жылдан бастап, барлық кәсіпкерлер төлемді қолма-қол қаржысыз жасауға мүмкіндік беретін терминалдар орнатуға міндеттеледі.

«Жалпы, картадан ақша сыпыратын POS-терминалдарды орнату талабы биылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде күшіне мінуге тиіс болатын. Алайда ауыл-аймақтан, шағын және орта бизнесмендерден қарша бораған шағымдардың екпіні мен тепкініне шыдамай, қалаулыларға кері шегінуге тура келді. Үкімет те кәсіпкерлерге қо- сымша уақыт беруге келіскен. Дегенмен алдағы жылдары «қолма-қол есеп айырысумен» күресуге қызу кіріскелі отыр. Осыған байланысты, кеше Парламентте Үкімет, кәсіпкерлер қауымдастығы және банктер жетекшілерінің қатысуымен, арнайы жиын өтіп, «қолма-қол ақшасыз айналымды ынталандыру жөніндегі ұсыныстар» қаралды», - делiнген « Әмиянды толық карточка ауыстыратын болды » атты мақалада.

Жолқұдық ауылының тұрғыны 58 жастағы Ержан Ибраев өзiнiң зайыбынан 1 миллион теңге алимент өндiрiп алуды талап етiп отыр. Бұл туралы ресми тiлде шығатын «Экспресс К» басылымы хабарлайды. «Сто бед одиночества» деп аталатын мақалада атап көрсетiлгенiндей, аталмыш көпбалалы әке өзi жалғыз 6 бала асырап отыр. Кiшi қызы тiптi екi жаста ғана.

«Бiрнеше жыл бұрын Ибраевтың бiрiншi зайыбы қайтыс болады. Ол кезде оның қолында екi бала қалады. Кейiн Ержан қайта үйленедi. Жаңа әйелi оған тағы төрт бала сыйлайды. Бiрақ көп ұзамай, ол өзi үшiн өмiр сүрудi ойлап, «балабақшаны» тастап кетедi. Оның қайда екенiн қазiр ешкiм бiлмейдi. Ал жалғыздан-жалғыз қалған әкеге үйдiң күйбең тiршiлiгiмен отбасыны асырау күннен-күнге қиын болып барады.

«Мен көмектен бас тартпаймын, - дейдi Ержан Ибраев. - Мен жұмыс iстемеймiн, сондықтан әрбiр тиынды санауға тура келедi. Тек нанның өзiне айына 9 мың теңге кетедi. Зайыбымнан алимент алу үшiн сотқа жүгiнуге тура келдi. Одан еш ұялмаймын - балаларды тамақтандырып, киiндiру керек».

Ержан оған миығынан күлетiндер көп деп отыр. Бiрақ көмек қолын созатындар одан да көп. Шенеунiктер жалғызбасты әкеге көмектесуден жалыққан емес. - Оның мектеп жасындағы балалары тегiн ыстық тамақпен қамтамасыз етiлген», - дейдi Алғабас ауылдық округiнiң әкiмi Мирзат Валипов. - Бiз бұл отбасыға азық-түлiк пен көмiр жинап, материалдық көмек жасап тұрамыз. Ержан - жақсы адам, ол балаларды тастап кетпегенi көп нәрседен хабар бередi.

Сот приставтары оның зайыбын бiрнеше рет Павлодардан тапқан, бiрақ ол сол бетi iзiн тағы суытты», - делiнген мақалада.