Түрікменбашының анасы құрметіне тағайындалған орден алынып тасталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрікменстан Президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов әйелдерге арналған жаңа «Zenan kalby» (Әйел жаны) орденін белгілеу туралы заңға қол қойды, деп хабарлады Лента.ру.

Ресейлік «Жаңалықтар» агенттігінің хабарлауынша, жаңа орден елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың анасының құрметіне 1996 жылы белгіленген осындай «Gurbansoltan eje» орденінің (Гурбансолтан - Ниязовтың анасының есімі) орнын басады.

Жаңа марапат республика әйелдеріне елдің тәуелсіздігін, егемендігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі, сондай-ақ экономиканы, ғылымды және мәдениетті дамыту ісіне сіңірген еңбегі үшін беріледі. Басқа елдердің өкілдеріне өз елдері мен Түрікменстаннның екіжақты қатынастарын дамытқаны үшін тағайындалады.

Орденмен бірге орташа еңбекақының (Түрікменстанда орташа еңбекақы 300 долларға жуық - «Лента.ру) он еселенген мөлшерінде сыйлық беріледі. Сондай-ақ марапатқа ие болғандарға орташа еңбекақының 30 пайызы мөлшерінде үстемеақы белгіленген.

Ниязовтың билігі тұсында Түрікменстандағы кейбір елді мекендер, аудандар, қалалардың көшелері және басқа да нысандар оның анасының есімімен аталды. Ол қайтыс болғаннан және 2007 жылы билікке Бердімұхамедов келгеннен кейін елде жаңа президенттің жеке басына табыну дәстүрлері қалыптаса бастады. Атап айтқанда, мектеп бағдарламасынан Ниязовтың «Рухнама» трактаты алынып тасталды, оның орнына Бердімұхамедовтің кітаптары енгізілді. Сонымен бірге елде Ниязовтың құрметіне аталған елді мекендерді өзгерту науқаны өрістеді.