Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары күтіліп отыр
ҚР СІМ мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев пен Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиевтің төрағалығымен бейнеконференция форматында қазақ-түрікмен саяси консультациялары өтті.
«Іс-шара аясында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты және көпжақты форматтарда ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы жан-жақты пікір алмасты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазандағы Ашғабадқа мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің 2022 жылғы қазандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарына дайындыққа, сондай-ақ түрікмен тарапының 6-шы АӨСШК саммитіне, ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесіне және «Орталық Азия - Ресей» саммитіне қатысуына ерекше назар аударылды», - делінген хабарламада.
Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға жәрдемдесу үшін екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстардың жоғары деңгейін қолдауға уағдаласқан.
Фото: tdh.gov.tm