Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары Германияда теракт жасамақ болған

БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Германияның ішкі істер министрлігі лаңкестік әрекетті дайындап жатқан қылмыстық топтың ұсталғаны туралы мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда ұсталғандар Орталық Азия елдерінен шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews арнасына сілтеме жасап.

Германия мен Нидерландыда Орталық Азия елдерінен келген тоғыз иммигрантты терроризмге қатысы бар деген айыппен ұстады. Тергеушілердің айтуынша, олар Германияда шабуылдар дайындап, «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының қызметіне ақша жинап жүрген. Мәліметтерге сәйкес, күдіктілер Ауғанстанда және көршілес елдерде орналасқан исламшылармен байланыста болған.

Солтүстік Рейн-Вестфалияның ішкі істер министрі Герберт Роулдың айтуынша, ұсталғандар 20 мен 46 жас аралығындағы Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары. Тергеушілердің мәліметіне қарағанда, олар қазірдің өзінде кураторлардан шабуыл жасау туралы нұсқау алып, дайындықты бастап кеткен, бірақ нақты мәліметтер әлі пысықталған жоқ. Прокуратура қолда бар деректер топ мүшелері деп болжанған адамдарды ұстауға жеткілікті деп санады.