Түрікменстанның Дашогуз қаласы 2016 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрікменстанның Дашогуз қаласы 2016 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы болмақ. Бұл туралы бүгін Астанада ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысынан кейін ТМД-ның атқарушы хатшысы Сергей Лебедев мәлім етті.

«Бүгінгі Астанадағы отырыста 2016 жылы «Достастықтың мәдени астанасы» мемлекетаралық бағдарламаны Түркіменстанда жүзеге асыру жөніндегі шешімнің жобасы мақұлданды. Яғни, түрікмендік достардың ұсынысымен Дашогуз қаласы 2016 жылы ТМД-ның мәдени астанасы деп жарияланды», - деді ол. Осы орайда ол аталған бағдарламаны іске асыру ТМД елдерінде мәдени байланыстарды кеңейту мен нығайтуға бағытталғанын, сондай-ақ экономикалық және саяси ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасауға арналғанын атап өтті. Айта кетейік, бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы 2016 жылы сәуірде Мәскеуде өтетінін мәлім болды.