ТҮРІКСОЙ ұйымдастырған концертке түркі тектес мемлекеттерден келген 70-ке жуық өнерпаз қатысты.
К. Молдобасанов атындағы Қырғыз мемлекеттік консерваториясында ұйымдастырылған концертке Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Шолпон Сұлтанбеков, Қырғыз мемлекеттік консерваториясының ректоры Мұратбек Бегалиев, әртүрлі институттар мен ұйымдардың, шығармашылық бірлестіктердің өкілдері мен шақырылған меймандар келді.
Концерт алдында сөз сөйлеген вице-премьер Шолпон Сұлтанбеков Қырғызстан елінің президенті Сооронбай Жээнбековтың құттықтауын оқып, түркі әлемінің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосып жүрген ТҮРІКСОЙ-ға алғысын білдірді. Шолпон Сұлтанбеков өз сөзінде қырғыз өнерінің танымал болуына бүкіл әлемде ТҮРІКСОЙ өлшеусіз үлес қосып жүргенін, 25 жылдың ішінде ұйым көптеген концертті өткізіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Ректор Мұратбек Бегалиев өз кезегінде ТҮРКСОЙ-мен бірлескен серіктестік консерваторияға көптеген халықаралық жобаларға атсалысып, түрік музыка өнерінің әлемдегі дамуына септігін тигізгенін атап өтті. Мұратбек Бегалиев сонымен бірге 25 жылдың ішінде ТҮРІКСОЙ зор жетістікке қол жеткізгенін айтты.
Бас хатшы Дүйсен Қасейінов жиылған көпшілікке арнап құттықтау сөзін сөйлеп, түркі әлемінің мұрасын әлемге насихаттауда ТҮРІКСОЙ алдағы уақытта да күш салатынын хабарлады. Нақтырақ айтқанда, ТҮРІКСОЙ-дың 25 жылдығы түркі елдерінде аталып өтпек.
Бішкектің Симфониялық оркестірінің орындауында аталған концертте классикалық репертуардағы туындылар мен түркі әлемі композиторларының шығармалары орныдалды. Концерт бағдарламасында сонымен қатар, Узеир Гаджибековтың «Кёроглу» мен Мұқат Төлебаевтың «Біржан мен Сара» опералары шырқалды.
Оркестрге Анвар Акбаров пен Қанат Ахметов (Қазақстан), Бақыт Төлегенов пен Рахат Османалиев (Қырғызстан), Ровшан Непесов (Түркменстан) дирижерлік жасап, Ильхам Назаров (Әзербайжан), Жұпар Габдуллина (Қазақстан), Бақтыбек Ыбыкеев, Эльнура Самарбекова, Саламат Садықова (Қыргызстан), Серкан Коджадере (Түркия), Носир Юсупов пен Феруза Юсупова (Өзбекстан), Рамиль Гайзуллин (Башқұртстан (РФ) секілді орындаушылар әннен шашу шашты.
«Менің достарым - байлығым» концерті бішкектіктерге ұмытылмас кеш сыйлап, Клод Франсуаның «My way» композициясымен аяқталды. Ол туындыны ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов скрипкада жеке орындады.