Бұл туралы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Тоғызқұмалақтың ақыл-ой өнері ретінде жан-дүниені баурап алар қасиеті көп. Ежелгі көшпенділердің ерек мұрасы бүгінгі күні ғаламдық деңгейде насихатталып отыруының сыры жеке тұлғаны жасампаздыққа бастар қасиеттерінде болса керек. Ұрпақ тәрбиесінде əлемде үлгіге айналған түрік халқы бүгін тоғызқұмалақты таңдап отыр. Türk zeka oyunu деген сөз олардың басты мақтаныштарының бірі», - деп жазды ол.
27 қаңтардан бері қарай Түркияның Анталия қаласында (Side) Le Grande Resort бес жұлдызды қонақ үйінде Түркия Мангала Федерациясы мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының ұйымдастыруымен мұғалімдердің қысқы демалыс күндері аясында тоғызқұмалақ, Мангала және овариациялық ойынынан халықаралық семинар өтуде.
«2 ақпанға дейін жалғасатын семинардың бағдарламасы да жан-жақтылы. Қызықты сабақтар, сеанс, жолдастық кездесулер, жарыстар. Ең бастысы достық және мәдени байланыстар. Түркияның 12 қаласынан келген 30 мұғалім тоғызқұмалақ сабақтарын, үйреніп, сынақ тапсыруда. Осы семинарда алған білімін шəкірттеріне үйретпекші. Əр қайсысы тоғызқұмалақ тақтасы мен кітаптарына мұқтаж. Алдағы сәуір айына дейін бұл мәселе шешілетінін жеткіздім. МҰҒАЛІМДЕРДІҢ көбісі - математика, информатика, тіл мамандары. Тоғызқүмалақ үйренемін деп жалындап тұр. «Кең ақыл, жүйрік қиял, ыстық жүрек» иелерін көргендеймін. ХХІ ғасыр - түрік халықтарының ғасыры деген ғалымдар пікірі шындыққа айналуы өзімізге байланысты», - деп жазды Мақсат Шотаев.