Туристік компанияларды сотта жеңіп шыққанымызбен шығынның орнын толтыру мүмкін емес - С. Романовская

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі туристік қызмет нарығын реттейтін шараларды қабылдау қажет. Бүгін Мәжілісте Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Светлана Романовская осы мәселені көтерді.

Сауалында депутат Қазақстанның туристік нарығында ағымдағы жылы қалыптасқан жағдайға тоқтала келе, жазғы демалыстар маусымы биыл шетелдік турларды ұйымдастырумен айналысатын компаниялар төңірегіндегі жағымсыз жағдайлармен ерекше есте қалғанын айтып, әсіресе, отандық ірі туроператор «ГүлнәрТур» қызметінен 12 мың отбасы жапа шеккенін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазақстандық бір ғана компания емес, бірнеше туроператорлар қызметінде проблемалар бар.

«Осы тұрғыдан алсақ, еліміздің туристік нарығының жұмысындағы ақаулар жүйелі сипат алып келеді деуге негіз бар. Ең бастысы, осы нарықтағы қызметті тұтынушылар қорғансыз. Сондықтан да, Тұтынушылардың ұлттық лигасы жапа шеккен адамдардың мүддесі үшін шағым арыздар түсірген болатын. Алайда, туристік компаниялар ешқандай жауапкершілік алмай отыр, өйткені ондай туристік компанияларды қалыптастыруының өзінде ешқандай ерекше шарттар да жоқ, тіпті қарапайым жарғылық қорының өзі қамтылмаған», - дейді Светлана Романовская.

Бұл ретте депутат туристік компаниялардың құрылтайшылары көбінесе шет елдерде тұратынын, сондықтан да проблема туындаған тұста оларды табу еш мүмкін еместігін алға тартады. «Сотта жеңіп шыққанымызбен де, бізге шығынның орнын толтыру еш мүмкін емес», - дейді депутат.

Бұдан бөлек, депутат мемлекеттік органдар тарапынан туристік қызмет нарығы еш қадағаланбайтынын, бұл саладағы нормативтік-құқықтық база да түсініксіз екенін алға тартады.