Туризм индустриясы комитеті қазақстандықтарға Таиланд астанасына бармауды ескертті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитеті қазақстандық туристерге қазіргі әскери жағдай жарияланып отырған Таиландта абай болуды ұсынады.

«ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті Таиландта жүрген қазақстандықтарға абайлап жүруді, халық көп жиналған жерлерге бармауды, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлық талаптарын орындауды ұсынады. Таиландтың курорттық аймақтарда демалуды жоспарлаған қазақстандықтарға елдің астанасына соқпай баруды ұсынамыз», - делінген комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта комитет негізгі туристік орталықтарда (Паттая, Пхукет, Самуй, Чанг және Хуахин) жағдай қалыпты екенін атап өтеді. «Таиландқа туристер жіберетін туристік операторлар мен туристік агенттерге онда барушыларға бұл елде әскери жағдай жарияланғандығы мен қаупсіздік шаралары туралы ескертуді ұсынамыз», - делінген хабарламада.