Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әсет Мұсағалиев ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұның алдында бұл лауазымда Данияр Бектібаев отырған болатын. Бірақ ол 2013 жылы 31 желтоқсанда басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кеткен.

Ә.Мұсағалиев 1974 жылы Қызылордада дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясында және Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған.

Әр жылдары Ә.Мұсағалиев құқық қорғау органдарында, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-да заң бөлімінің басшысы, басқарма мүшесі, басқарма төрағасының кеңесшісі, аппарат басшысы, ішкі аудиттер қызметінің басқарушысы болып қызмет атқарды. 2008 жылы «Леонардо және Ко» компаниясының бас директоры, 2010 жылы «Қазақстангазавтоматика» ЖШС-нің бас директоры лауазымдарында болды. 2013 жылдың қазан айынан бері ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің аймақтық департаменті - «Бурабай» арнайы экономикалық аймағының әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.