Туризм министрі жұбайының қонақ үй бизнесі туралы: Ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ

Фото: Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жұбайының Бурабайдағы қонақ үй бизнесі туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

«Иә, өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің отбасымыз бизнеспен айналысады. Бірақ оның Туризм және спорт министрлігіне еш қатысы жоқ. Біз мемлекеттік қызметке дейін, яғни 2008 жылға дейін бизнеспен айналыстық. Алдағы жылы бұл кәсіпорынға 30 жыл болады. Мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып-ақ, бұл кәсіпорынның өз жолы болды», - деді Ермек Маржықпаев Үкіметте өткен брифингте.

Министр мұнда ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ екенін атап өтті.

«Министр мен аймақтағы шағын қонақүйлер арасында қандай мүдделер қақтығысы болуы мүмкін ? Мұны қалай елестетуге болады ? Бұл сұрақ маған үнемі қойылады, бірақ мен Туризм министрлігі мен сол нысандарды байланыстырудың механизмін түсінбеймін. Ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ», - деді Е. Маржықпаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2019-2023 жылдары Е.Маржықпаев Ақмола облысының әкімдігін басқарған болатын.