Бұған дейінгі тұжырымдамада 45 іс-шара көзделсе, жаңартылған құжатта олардың саны 66-ға дейін ұлғайтылды. Жаңа іс-шаралар жоспары инженерлік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымын дамыту, бизнес-процестерді цифрландыру, визит-орталықтар салу, курортты өңірлерді абаттандыру, туризм саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, басым туристік аумақтарға стратегиялық инвесторларды тарту, білікті кадрлар даярлау және басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.
Тұжырымдамадағы негізгі жаңашылдықтардың бірі — өңірлердің даму жоспарларына туризмді орнықты дамытуға бағытталған нақты шараларды енгізу. Енді өңірлік жоспарлардағы туризм саласына қатысты міндеттер мен нысаналы көрсеткіштер Туризм және спорт министрлігімен келісілгеннен кейін ғана бекітіледі. Бұл тәсіл саланы дамытуда бірыңғай стандарттарды қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Өңірлердің жұмысын шынайы бағалау мақсатында туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша ұлттық рейтингтік жүйе енгізіледі. Сонымен қатар салалық мемлекеттік органдардың басшылары үшін негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) белгіленеді. Рейтингті қалыптастыру әдістемесін Туризм және спорт министрлігі әзірлейді.
Жаңартылған тұжырымдамада өз бетінше саяхаттауды дамытуға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Tourism Village жобасы аясында ауылдық елді мекендердің туристік әлеуетін дамыту, ат туризмі бағыттарын әзірлеп, оларды арнайы белгілермен жабдықтау және жолсілтегіштер орнату, «Жанды сабақтар» жобасы арқылы балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, сондай-ақ Ұлттық туристік іс-шаралар күнтізбесін қалыптастыру көзделген.
Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай туризм саласының жалпы қосылған құнын 6,3 трлн теңгеге дейін жеткізу, орналастыру және қоғамдық тамақтандыру саласына тартылатын инвестиция көлемін 260 млрд теңгеге дейін ұлғайту, сондай-ақ салада жұмыспен қамтылғандар санын 800 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллионнан асыру, ал шетелдік туристер санын 4 миллион адамға жеткізу көзделген. Сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енуі жоспарланып отыр.
Жаңартылған тұжырымдаманы іске асыру туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, туристік инфрақұрылымды жақсартуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға, саланы цифрландыруды жеделдетуге және ішкі әрі келу туризмінің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетелік Қазақстан туризм және қонақжайлық саласында Таиланд тәжірибесін меңгеруге ниетті.