Туризм саласында қарапайым қауіпсіздік стандарттарын бұзу тыйылмай тұр — Бектенов

Фото: Алматы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысы аяқталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

— Туризм саласына қатысты орынды сын айтылып жатыр. Қарапайым қауіпсіздік стандарттары мен санитариялық нормаларды бұзу әлі де тыйылмай отыр. Осыған байланысты Туризм саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды қайта қарап, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Алматы тау кластерінің қолданыстағы инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа нысандар салу жұмысы, оның ішінде заманауи шаңғы курортының жобасы іске асырылып жатыр.

— Қазіргі таңда 17 көтерме жол және 53 шақырым трасса жұмыс істейді. Қосымша 46 көтерме жол мен 221 шақырым трасса іске қосылады. Көктемде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысын биыл аяқтаймыз. Ол осы өңірлерде туризмді дамытуға қосымша серпін береді, — деді Олжас Бектенов.

Бұдан бұрын Үкімет Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге кіріскені белгілі болды.