Туризм Зыряновск ауданының негізгі экономикалық саласына айналып келеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бірыңғай электронды ақпараттық базасын құру үшін Зыряновск ауданының демалыс аймақтарындағы қонақ үйлер есепке алынды.

Зыряновск ауданының әкімдігі туризмнің дамуына ерекше мән беріп отыр. Қазақстанға Қытай тұрғындарының отыз күн визасыз келуіне рұқсат етілгенін ескерер болсақ, туризм саласы қыруар қаржы түсіреді, деп хабарлады аймақтың ақпараттық орталығы.

«Көптеген қытайлық туристер бізге келгісі келеді, - деді Зеренді ауданы туризм бөлімінің жетекшісі Вячеслав  Князев. - Әсіресе, олар қысқы демалысқа ерекше қызығушылық танытады. Біздің міндетіміз туристердің жағдайын жасау. Жыл сайын біздің туристік базаларымызға келушілердің саны артуда. Биыл Бұқтырма су қоймасының демалыс аймағына апта сайын 30-35 мың адам келеді. Қазір ескі қонақ үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді В.Князев.

Жағалаудағы ескі үйлерді жөндеумен қатар, жаңа баспаналар да салынып жатыр. Олардың біреуі келесі маусымда ашылады. Көрікті пейзаж «Шале Лабе» базасының негізі артықшылығы болады.

«Мұнда екі қонақ үй тұрғызылады және отбасымен демалуға арналған 20 жеке үй, бассейн және ресторан салынады», - дейді құрылысшы Юрий Ткаченко.

Тағы бір жаңа демалыс базасы 2013 жылы салынған еді.

Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында инфрақұрылымды дамыту үшін су қоймасы жағалауына бірқатар жұмыстар жасалуда. 2013 жылы Жаңа Бұқтырма ауылы мен «Көк бұғаз» демалыс базасының жолына күрделі жөндеу жасалды. Өткен жылы да демалыс базаларына дейінгі жол төсемдері жаңартылды.