Туризмді дамытам десең әжетхана сал: министрлік мәселені қашан шешеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында отандық туризмді дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиыннан кейін БАҚ өкілдері автожолдар бойын және далалық жерлерді әжетханамен қамту мәселесін көтерді.
— Туристік бағыттар бойындағы әжетхана тапшылығы бар, бүгінде 493 әжетхана қажет болған. Оның көбі яғни 300-ден астамы бүгінде жол бойында салынды. Бұл 2021 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жүргізген аудит барысында анықталған тапшылық, компания елді аралап, осы дефицитті анықтады. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да санитарлық-гигиеналық тораптар мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандары салынып жатыр. Олардың саны бірнеше жүзге жетеді. Аталған нысандар ұлттық парктер аумағы мен инженерлік инфрақұрылым жетпеген шалғай аймақтарда да бой көтеріп жатыр. Олар жаңа технологиямен жұмыс істейді. Мәселен, Алматылық ұлттық парк аумағында француз технологиясымен жабдықталған нысандар орнатылған, — деп жауап берді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев журналистердің сауалына.
Осы орайда вице-министр қолжетімді әжетхана мәселесін шешуде Көлік министрлігінің де біраз жұмыс істегенін айтып отыр.
— Ведомство бізбен бірлесіп, республикалық маңызы бар автожолдар бойында 1400-ден астам жол бойындағы сервистік нысандарды ұлттық стандартқа сай келтірді, осылайша бүгінде олардың 90%-ы осы стандартқа сәйкес. Жыл сайын туристік имиджге кері әсер ететін шамамен 100-ге жуық ескі әжетхана алынып тасталады. Көлік министрлігі желісі бойынша жыл сайын 50-100 жаңа санитарлық нысан салынады. Жыл соңына дейін санитарлық-гигиеналық тораптары бар тағы 25 жол бойы сервис нысанын салу жоспарланып отыр, — дейді ол.
Оның айтуынша, аталған сервис түрімен айналысатын жеке кәсіпкерлерге әрбір санитарлық торап үшін ай сайын 83 мың теңге мөлшерінде қолдау өтемақысы төленеді.
— Мәселе шешіліп жатыр. Әрине, еліміз кең байтақ, бір жылдың ішінде бүкіл жол бойындағы инфрақұрылым мен санитарлық торап мәселесін толық шешу мүмкін емес. Бұл кейбір аумағы шағын елдерде ғана мүмкін шығар. Бірақ, біз дұрыс бағытта келеміз, жолдар бойынша мәселе шешілді, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да реттеліп қалды. Ендігі кезекте санитарлық-гигиеналық тораптар мәселесі де шешіледі деп ойлаймын. Бүгінде көптеген аймақта, әсіресе туризмді дамытуға нақты жоспар бар жерлерде, заманауи талаптарға сай жағдайлар жасалған. Ал егер санитарлық-гигиеналық тораптар туралы айтатын болсақ, оларды салу, жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Біз, әрине, бақылап, инспекция жасап, қай жерде жетіспейтінін, қай жерде түрлі себептермен жабық тұрғанын көрсетіп отырамыз. Кейде су өшіп қалады, кейде қызметкер жұмысқа шықпайды. Барлық әжетхананың жағдайын Туризм министрлігі жеке өзі қадағалай алмайды. Дегенмен, жұмыс жүргізіліп жатыр, динамика бар, — деп қорытындылады Ержан Еркінбаев.
Бұған дейін елімізде гид мамандарын даярлауы мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік.
Одан бөлек, Туризм және спорт министрі елімізге келіп алданып қалатын шетелдік туристер мәселесін шешу жолдарын атады.
Айта кетейік, елімізде туристерге арналған, жасанды интеллектіге негізделген TravelStan мобильді қосымша әзірленеді.