Туризмді дамыту: Алакөл адам танымастай өзгереді
Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға ерекше ден қойып отыр. Биылғы жылы Алакөл жағасын көркейтуге облыстық бюджеттен 817 млн теңге бөліп, бүгінгі күні жағалауды абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Сондай-ақ, Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат бөлініп, онда тарихи-археологиялық мұражай ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ең бірінші облыс басшысы құрылыс жүріп жатқан мәдениет үйімен танысып, және оның ішінде болатын мұражай туралы сөз қозғады.
ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мухамедчиновтың айтуынша мұражайға 3 мың экспонат әкелінбек. Онда «Үржар ханшайымы», екі «Алтын адам», Тарбағатайдың таңбалы тастары, Найманқала, Еміл қаласы, Шығыстан табылған археологиялық заттар және тағы басқа құндылықтар қойылмақ.
Бұдан кейін облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы орталық арбат пен жағажайды көріп, керемет жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті. Бүгінгі күні онда Алматы қаласынан келген «Этно-мұра» ЖШС кіші сәулеттік мүсіндерді қойып жатыр.
Әрі қарай Даниал Кенжетайұлы іс-сапарды қорытындылау мақсатында департамент пен өзге де облыстық басқарма басшыларының және Алакөлдің жеке кәсіпкерлерінің қатысуымен үлкен жиын өткізді. Отырыста Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин жұмыстар барысын баяндады.
Жиын барысында аймақ басшысы Семей мен Өскеменнен Жалаңашкөл стансасына аптасына екі рет пойыздар қатынайтындығы туралы және билет бағасы 2800 теңге болатынын айтты. Бұл жаңашылдық әр шығысқазақстандыққа шипалы Алакөлде демалуға мүмкіндік береді.
«Біз туристік инфрақұрылымды кеңейту әрі жақсарту ісін басты міндет етіп отырмыз. Ендігі кезекте демалушыларға жасалып жатқан ыңғайлы жағдайларды одан әрі жетілдіріп, мықты туристік елдермен иық түйістіруіміз керек. Себебі, табиғаттың бұл байлығы кез келген адамды әсерсіз қалдырмай, емдік қасиеттерімен тандандырары айқын», -деді облыс әкімі.
Сонымен бірге Даниал Кенжетайұлы кәсіпкерлерге салықтарын жасырмай, дұрыс төлеуді қадап айтты.