Туризмге тартылған инвестиция көлемі бойынша Астана көш бастап тұр

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы бес айында Астананың туризм саласына 250 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласының туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 438,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша елорда республикада бірінші орынға шықты. Ал биылғы қаңтар-мамыр айларында туризм саласына 250 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп, — деді Мақсат Жаңабаев.

Спикердің айтуынша, соңғы бірнеше жылда туризмге құйылған инвестиция көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 272,7 млрд теңгені, 2023 жылы — 201,4 млрд теңгені, ал 2022 жылы 112 млрд теңгені құраған.

Бұдан бөлек ол қазір Астанада жалпы құны 265,7 млрд теңге болатын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Алдағы екі-үш жылда 24 қонақүйдің құрылысы жоспарланып отыр. Олардың қатарында Swissôtel, Holiday Inn, Wyndham Garden секілді төрт және бес жұлдызды қонақүйлер бар. Сонымен қатар «Лес» экопаркі, балалар лагері, көрме орталығы, жол бойындағы сервистік нысандар мен бассейні бар демалыс саябағы сияқты туристік инфрақұрылым жобалары іске асырылады, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзінше, бұл жобалар туристерге арналған инфрақұрылымды кеңейтіп, елорданың туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бермек. 

Еске салайық, биыл Астанаға келген туристер саны 12 пайызға өскені белгілі.