Түркі Академиясының құрылғанына 15 жыл толды

Фото: Фото: Халықралық Түркі академиясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркі Академиясының құрылғанына 15 жыл толды. Осы кезге дейін Түркі Академиясы ондаған ғылыми жобаны жүзеге асырып, жүздеген ғылыми еңбекті жарыққа шығарды және Түркі дүниесіндегі ғылыми ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды. 

2009 жылғы 3 қазанда Нахчыванда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының саммитінде Қазақстан түркі әлемін жан-жақты зерттеумен айналысатын ортақ ғылыми мекеме құруды ұсынған еді. Осы ұсыныс негізінде 2010 жылы 25 мамырда Астанада Түркі Академиясы құрылды.

Ал 2012 жылы 23 тамызда Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының екінші саммитінде «Түркі академиясын құру туралы келісімге» қол қойылды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламенттерінің «Түркі Академиясын құру туралы келісімді» ратификациялау процесі 2021 жылы аяқталды.

2022 жылдан бастап, Түркі Академиясы мүше мемлекеттерден міндетті жарналар мен мамандарды қабылдап, толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмыс істей бастады. Түркі Академиясы 2018 және 2022 жылдары Мажарстан мен Өзбекстанға бақылаушы ел мәртебесін берді.

Түркі Академиясы – Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында құрылған, түркі елдері арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты үйлестіретін және ынталандыратын бірегей халықаралық ұйым. Академия түркітанудың түрлі салаларында, соның ішінде тарих, археология, этнология, антропология, әдебиет, тіл білімі, терминология, өнер және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамытады.

Түркі Академиясының төрт мүше мемлекеті және екі бақылаушы елі бар. Академияның штаб-пәтері Қазақстанның бас қаласы Астанада орналасқан.

Түркі Академиясының президенті лауазымын 2010-2014 жылдары аралығында профессор, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбраев, ал 2014-2022 жылдары аралығында профессор, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі атқарған. 2022 жылдан бері академияны тарих ғылымдарының докторы, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық Орталық Азия зерттеу орталығының корреспондент мүшесі Шаһин Мұстафаев басқарады. 

Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы бейресми саммиті қалай өткені хабарланған еді.